Петропавлда жаңа мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылды. Бұл — азаматтық қорғау саласының инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды қадам, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өрт сөндіру бөліміне қаһарманымыз Алтынбек Әбдірахмановтың аты берілген. Азамат 2015 жылы 31-ші желтоқсан күні өрт шыққан баспанадан тұрғындарды құтқару кезінде қаза тапты. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.

«Бұл — өңіріміздің қауіпсіздігін арттыруға, халықтың амандығын қамтамасыз етуге арналған үлкен қадам. Облыста өрт сөндіру бөлімі соңғы рет 80-ші жылдары ашылған болатын. Материалдық-техникалық базаны жаңарту арқылы саланы дамытамыз. Сонымен қатар, қызметкерлерге де бар жағдайды жасаймыз», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өрт сөндіру бөлімінде барлық жағдай қарастырылған. Жеке жасақтың спортпен шұғылдануына, тынығуына мүмкіндік жасалған. Жатын орындар да бар. Жоба құны 2 млрд теңгеге жуықтайды.
Құтқарушылардың керек – жарақ құрылғылары да су жаңа. Алты арнайы техникаға орын қарастырылған. Салтанатты шара барысында алты қызметкерге су жаңа пәтердің кілті табысталды.

«Қуанышымда шек жоқ. Бұрын баспаны жалдауға жарты жалақым кететін. Бүгінде жалақы да өсті. Міне, пәтер де беріліп отыр. Алғысым шексіз», — деді қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы Алина Дүйсенова.
Бөлімде мұнара да бар. Бұл — түтінді бірден көріп, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Нысанға арнайы Жапониядан су кемесі де әкелінген. Құны 130 млн теңгені құрайды.

«Соңғы жылдары мемлекет тарапынан төтеншіліктерге ерекше көңіл бөлінуде. Қызметкерлердің жалақысы көбейді. Баспана берілуде. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеттері ашылуда. Бұл қарқынды жұмыс әрі қарай да жалғасын табады», — ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов.
Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданында «Дін мен дәстүр»орталығы ашылады

