Digital маркетинг-2026. Бүгін осындай атаумен Qyzyljar креатив орталығында дәстүрлі форум өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шараға кәсіпкерлер, маркетологтар мен жастар қатысты. Жиын барысында жеті бірдей спикер сөз сөйледі. Ортаға шыққан әр жанның өзіндік бағыты болса да біріктіріп тұрған ұғым бар.
Ол — тауар мен қызметті интернет пен цифрлық технологиялар арқылы жарнамалау. Оны сату және клиентпен байланыс орнату. Шақырылған қонақтардың 5-еуі теріскейлік, қалған екеуі Астана мен Көкшетаудан арнайы келген.

«Мен әлеуметтік желі арқылы табыс табу жолдарын түсіндіремін. Жалпы, өзім инстаграм, тикток әлеуметтік желілерін пайдаланамын. Әуелде көкшетаулық қызмет көрсету мекемелерін түсіре бастадым, кейін көшеге шығып, тұрғындармен тілдесіп, қызықты видеолар түсірдім. Нәтижесінде қаралым саны артты. Бірте-бірте жарнамалар түсе бастады. Блогерлік істі енді бастап жатқандарға хейтке назар аудармау қажеттігін айқым келеді. Бастысы, алған беттен таймай, сұраныстағы, яғни тренд болып жатқан дүниелерді түсіре берген жөн», — деді көкшетаулық блогер Ескендір Жанартов.
Бұдан бөлек форумда жарнама бюджетін тиімді басқару, маркетингті клиент көзімен құру және тиімді сату тәсілдері айтылды. Спикерлердің сөзінше, заман талабын игеру бүгінде бизнес шығынын 60 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Форумға қатысушылар заманауи digital-құралдармен танысып, тәжірибе алмасып, өздерінің даму бағыттарын айқындады. Мұндай алаңдар кәсіпкерлік пен маркетинг саласының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Алдағы уақытта шараларды шараларды жиі өткізіп тұруға тырысамыз», — деді ұйымдастырушы Максим Панарин.
Форум 3 сағатқа созылды. Әр спикер өз саласы бойынша толық ақпар беріп, білімін ортаға салды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды

