Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі жандар кез келген нысанға кіре алмайды. Себебі, мекемелерде оларға жағдай жасалмаған. Жалпы облыста мүмкіндігі шектеулі 25 мыңға жуық адам бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.
Өңірде осал топтағыларды әрбір үшінші нысан ғана қабылдай алады. Қалғандары талапқа толық сай келмейді. Андрей Ращепкин бір жыл бұрын арбаға таңылған. Азамат кей көшлерде арбамен жүру мүмкін емес дейді.
«Жолдан өткенде тас жиектері биік болады. Шыға алмай қаласың. Әйтеуір, адамдар көмектесіп жібереді. Ал мен баратын аурухана, әлеуметтік көмек көрсету ұйымдарында бәрі бар», — дейді қала тұрғыны.
Сәлімхан Сәбитов мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасын жақсы біледі. Өйткені өзі де осы топқа жатады. Биылдан бастап ол тағдырлас жандардың жанға батар мәселелерін қалалық мәслихат депутаты ретінде көтеріп жүр. Оның айтуынша, қазір арбаға таңылған адамдарға жердің үстімен тартылған құбырлар кедергі келтіреді.
«Қала көшелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті жағдай жасалмаған. Жолдың ортасында жатқан құбырлардың үстімен тіпті сау адамдар қиналып өтеді. Ал біз не істеуміз керек? Әрине қиындық тудырады», — дейді қалалық мәслихаттың депутаты Сәлімхан Сәбитов.
СҚО-дағы мүмкіндігі шектеулі жандардың дені ауылда тұрады екен. Бірақ, олар үшін әр нысанның есігі ашыла бермейді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға 120-ға жуық нысан бейімделген. Ол негізінен мектеп, емхана, мемлекеттік мекеме мен қызмет көрсету орындары.
«Нысандарға қойылатын негізгі талаптар: пандус пен көтергіштің болуы. Зағип жандар үшін «Брайль» тақтайшалары орнатылуы тиіс. Оның ішінде жанасу жолағы мен санитарлық торап та бар. Өкінішке қарай, бұл ережелер сақталмайды», — дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Береская.
Тағы оқыңыз:Петропавл қаласының 33 жастағы тұрғыны заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысқан