Биыл СҚО-да егістік алқабының жалпы көлемі 4,5 млн гектарды құрамақ. 3,4 млн гектарға астық, 751 мың гектарға майлы дақылдар егілсе, 379 мың гектарға жеп-шөп отырғызу жоспарланған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бүгін Петропавлда ҚР ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен «2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізу туралы» семинар-кеңес өтті. Жиында өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық пысықталды.
«Климаттың көрсеткіштердің нәтижесіне сай күз, қыс пен көктемнің басында облысқа көп мөлшерде жаңбыр жауды. Осыған байланысты кейбір жерлердің ылғалдылығы 164 мм құрайды. Бұл негізгі талаптардан жоғары көрсеткіш. Былтыр егін жинау науқанында өңірде қолайсыз ауа райы болды. Бұл дәннің сапасына да өз әсерін тигізді. Қазір 485 мың тонна тұқым дайын. Ал көктемгі дала жұмыстарына техникалардың әзірлігі 91 пайызды құрайды. Және мемлекет тарапынан өңірге 53 мың тонна төмендетілген бағамен жанармай беріліп отыр», — деді СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Аққайың ауданында да көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Ауданда биыл 227 мың гектарға егін егілмек. Биылғы егіске 3100 элиталық тұқым сатып алынған.
«Егіс алқаптарына 13200 тонна тыңайытқыш сіңірлмек. Қазіргі уақытта аудандағы техникалар 98 пайызға дайын. Биыл 6,1 млрд теңгеге жаңадан 160 техника мен құрал-жабдық сатып алынбақ», — деді Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев.
СҚО ежелден аграрлы аймақ болып саналады. Алайда, жиында өңірде тек егінді ғана емес сонымен қатар мал шаруашылығын да дамытуға көңіл бөлу керек екені тілге тиек етілді.
«Біздің кәсіпкерлер бүгінгі жиында айтылған ақпараттардың барлығын түсініп, өз тәжірибесінде қолданады деп ойлаймын. Былтыр ауа райының қолайсыздығы әрине егістікке өз әсерін тигізді. Биыл барлық диқандарға көктемгі егіс науқанын жақсы өткізіп, сапалы әрі жақсы өнім алуға тілектеспін. Себебі, мемлекет тарапынан қолдау болып тұр. Осы мүмкіндіктерді қолдана білу керек», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жиын соңында аграрилерге арамшөптермен күресуде агротехникалық және химиялық қорғау шараларының барлық кешенін мерзімі мен сапасын сақтауға ерекше назар аудару қажет екені айтылды. Себебі, бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз:СҚО-да республикалық маңызы бар тасжолдың бір бөлігін су басты