Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсірген 13 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар азық-түліктің бағасын 15 % қымбаттатқан, деп хабарлайды Qazaqstan Мedia тілшісі.
Бұл заң бұзушылықты сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тауарларды сатып алу-сату бойынша электрондық шот-фактураларды талдау барысында анықтаған. Жалпы өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бір қалыпта ұстау мақсатында облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен барлық баға тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді. Былтыр жалпы 85 отырыс өткізіліп, 25 заң бұзушылық фактісі анықталған. 2023 жылы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 605 өтініш келген. Нәтижесінде, тұтынушылардың құқықтары қорғалып оларға 12067877 тtңге көлемінде ақша қайтарылған.
«2023 жылы жоспардан тыс тексеру аясында ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін екі кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал екі субъектіге қатысты іс екі тараптың татуласуына байланысты тоқтатылды. Сондай-ақ департамент сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманы бұзған 31 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның алтауы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қымбат сатқан. «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны асыруға болмайды. Қымбаттатқан жағдайда заң бұзушылық болып есептеледі», — деді СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.
Еске сала кетейік, осыған дейін Qazaqstan Мedia редакциясы СҚО-да кәсіпкер күнбағыс майының бағасын негізсіз өсіргені туралы жазған болатын.
Тағы оқыңыз: Солтүстік Қазақстанда маралдар қырылып жатыр