Бір ай ішінде 94 солтүстікқазақстандықты кене шаққан. Оның 36-сы — 14 жасқа дейінгі бала. Осы ретте мамандар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін ескеріп, зиянкестерден қалай қорғану керектігін тағы бір мәрте еске салады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Кене шағудан пайда болатын аурулардың ішінде ең қауіптісі — кене энцефалиті. Оның орталық жүйке жүйесін зақымдауы әбден мүмкін. Әрине, дерттен құлан таза айығуға болады. Алайда дер кезінде емделмеген жағдайда арты мүгедектік пен өлімге әкеп соқтыруы ғажап емес. Кене шаққан кезде адам осы дертке шалдығуы ықтимал. Зиянкесті теріден жұлып алмақ болған кезде барынша абай болу керек. Оның аяқтары не басқа да мүшелері денеде қалып қоймағанына көз жеткізген абзал. Дұрысы – бұл істі медицина қызметкеріне сеніп тапсыру. Егер де шаққан орынды қаситын болсаңыз, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін.
«Кенеден сақтану үшін жеңі ұзын, ашық түсті киім киген дұрыс болады. Өйткені, қара заттардан зиянкестерді көрмей қалуларыңыз мүмкін. Кене баяу қозғалады, яғни адамға шыққан жағдайда бірден шақпайды, өзіне ыңғайлы орын іздейді. Оған дейін зиянкесті ұстап, шағудың алдын алуға болады. Мемлекеттік тапсырыстың шеңберінде үстіміздегі жылдың сәуір мен қыркүйек айларында Қызылжар ауданының Бескөл және Пеньково елді мекендерінде кенелерге қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүргізіледі», — деді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Эпидемиологиялық маусым сәуірден қазанға дейін жалғасады. Биылғы сәуір айында біздің облыста кене шағудың 94 фактісі тіркелді. 36 жағдайда 14 жасқа дейінгі балалар зардап шеккен.
Тағы оқыңыз: Көктемгі егіс науқанына шалақындық диқандар сақадай сай