СҚО бойынша мамандандырылған ХҚКО 10 мыңнан астам шетел автокөлікті тіркеген. Олардың 881-і уақытша есепке тұрғызылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ішкі істер министрлігі ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан 30 маусымына дейін елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінімдер қабылдаған болатын. Бұл өтінімдер осы жылдың 31-ші желтоқсанына дейін қаралады. Яғни, екі айдан да аз уақыт ішінде жүргізушілер құжаттарын реттеп, көліктерін тіркеп үлгеруі керек.
«23 қаңтар мен 6 қараша аралығында мамандандырылған ХҚКО-ға 10501 автокөлік құралы тіркелді. Олардың 227-сі конструктор. Ал 881 көлік уақытша есепке қойылды. Себебі, бұл көліктердің құжатарында қателіктер табылып, толықтай заңдастыру мүмкін болмады. Олар әзірге тек уақытша тіркеуге қойылды», — дейді облыстық мамандандырылған ХҚКО мамандары.
Еске сала кетсек, елімізге қосалқы бөлшек ретінде әкелінген автокөліктер де заңдастырылатыны туралы көктемде хабарланған болатын.