Тимирязев ауданындағы «Тимирязев» IT-орталығында Солтүстік Қазақстан облысы үшін серпінді бастамаға айналуы мүмкін бірегей цифрлық жоба таныстырылды. Жас әзірлеуші Даниил Степаненко оқушылардың қабілетін саралауға арналған Qabilet Intelligence Capital атты жүйесін көпшілік назарына ұсынды. Бұл платформа енді оқушылардың жетістіктерін жай ғана бір папкаға жинақтап қоймай, олардың жастайынан болашақ кәсіби жолын саналы түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді, деп жазады Qazaqstan Media.
Кездесу Наурызнама мерекелік онкүндігі аясында өтті. 19 наурыз – Қазақстанда Жаңару күні ретінде аталып өтетін ерекше күн. Бұл – жаңа кезеңнің басталуын, үміт пен өзгерісті, жасампаздық пен тың серпінді білдіретін мереке.

Кездесудің басты кейіпкері – Даниил Степаненко. Ол Сәбит Мұқанов атындағы Тимирязев мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы. Жасына қарамастан, жасөспірімнің жоғары технология саласында тәжірибесі мол. Ауыл мектебінің оқушысы Samsung Solve for Tomorrow 2025 халықаралық байқауының финалисі атанып, бұған дейін SABAQ білім беру платформасын әзірлеген. Айта кету керек, бұл жоба еліміздің түкпір-түкпіріндегі жүздеген оқушы мен мұғалімнің қатысуымен сәтті сынақтан өткен.
«Бүгінде облысымызда белсенді де дарынды жастар өте көп. Олар олимпиадаларда топ жарып, спортта биік белестерді бағындырып, ғылымда алғашқы қадамдарын жасап жүр. Бірақ өкінішке қарай, олардың жетістіктері көбіне белгілі бір мектептің немесе жекелеген байқаудың аясынан аса алмай қалып жатады. Мен өзім де барлық марапаттарым мен жобаларымның бір-бірінен бөлек үзінділер секілді өмір сүріп жатқанын байқадым. Ал шын мәнінде, мұның бәрі біртұтас табыс тарихына айналуы керек. Сол себепті бізге барлық жетістікті бір жерге жинақтайтын жүйе қажет», – дейді Даниил.
Qabilet жобасы – жай ғана мәліметтер базасы емес, оқушының қабілетін терең талдайтын күрделі аналитикалық құрал. Жүйе әрбір оқушыға жеке профиль қалыптастырып, онда оның жетістіктері мен белсенділігі толық көрініс табады. Осы деректер негізінде платформа баланың мықты қырларын анықтап, оған жеке даму бағытын ұсынады. Жоба авторларының айтуынша, бұл жастарға бағытсыз әрекет етуді доғарып, ерте жастан бастап болашақ мансабын саналы түрде жоспарлауға көмектеседі.

«Біздің команда “таланттар картасын” жасауды ұсынып отыр. Оқушы өз профиліне кірген сәтте-ақ қай бағытта мықты екенін, қандай байқаулар мен гранттардың өзіне сай келетінін бірден көре алады. Платформа оның жетістіктерін саралап, алға басуға нақты қадамдар ұсынады. Бұл өте ыңғайлы, өйткені енді оқушыға ондаған сайттан ақпарат іздеудің қажеті болмайды. Дамуға қажетті барлық мүмкіндік бір жерде топтастырылады», – дейді жас әзірлеуші.
Қазіргі уақытта жоба белсенді прототиптеу және тұжырымдаманы нақтылау кезеңінде тұр. Басты мақсат – құрғақ статистиканы таланттарды басқарудың шынайы құралына айналдыру. Мамандардың пікірінше, Qabilet мұғалімдер мен білім басқармасына жастардың жетістіктерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде болашағынан зор үміт күттіретін баланы дер кезінде қолдап, қажетті ресурстарды тиімді бағыттауға жол ашады.
«Біз оқушыларымыздың әлеуеті орасан зор екенін жақсы түсінеміз, әрі ол жыл сайын артып келеді. Ең бастысы – осындай жастарды жоғалтып алмай, олардың армандарын дәл осы өз өңірімізде жүзеге асыруына жағдай жасау. Qabilet жобасы – әрбір баланың болашағына қызмет ететін жүйе қалыптастыруға жасалған талпыныс. Егер біз күш біріктіріп, осы құралды іске қоса алсақ, өңіріміз жастарды дамыту бағытында нағыз көшбасшыға айналары сөзсіз», – дейді оқушы.
Айта кетейік, 2026 жылы Даниилдің командасы халықаралық деңгейде тағы да бағын сынап көрмек. Олар платформаның жетілдірілген нұсқасын әлемдік аренада таныстыруды жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: Петропавлда ақ жаулықты әжелер қыздарға шеберлік сабағын өткізді

