Солтүстік Қазақстан облысында сұйытылған газ тапшылығы байқалып отыр. Қазір өңірдегі көптеген жанар-жағармай құю бекеттерінде газ тек талонмен сатылуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Күзгі жиым-терім кезінде газ тапшылығы Солтүстік Қазақстан үшін үйреншікті жағдайға айналған. Себебі осы маусымда сұйытылған отынға деген сұраныс күрт артады. Көлігі бар тұрғындардың басым бөлігі газдың арзандығына және қолжетімділігіне қызығады, ал орақ кезінде элеваторлар мен ауыл шаруашылығы техникасы да газды кеңінен пайдаланады.
Салдарынан жанар-жағармай құю бекеттерінде газ тапшылығы туындайды. Кейбір бекеттерде тек талон арқылы ғана сату режимі енгізілсе, кей жерлерде тіпті газ мүлде болмай отыр. Мұндай жағдай бірнеше аптадан бері байқалады.
Жауапты мамандар мәселенің бар екенін жасырмайды және мұны жыл сайын қайталанатын қалыпты жағдай деп отыр.
«Сұйытылған газды облысқа тоғыз компания жеткізеді. Қазір орақ кезінде астықты кептіру үшін элеваторлардың көбі газды пайдаланады. Ай сайын өңір шамамен алты мың тонна газ тұтынады. Ал қазанда тек 4 100 тонна ғана жеткізілді. Бұған Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында жүріп жатқан жөндеу жұмыстары әсер етті. Біз қосымша 2,5 мың тонна газ сұраған едік, бірақ ол бөлінген жоқ. Былтыр қосымша 1 мың тонна сұйытылған отын бөлінген болатын», — деді облыстық ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары.
Қазір солтүстікке газ Ақтөбе, Павлодар және Атырау облыстарынан жеткізіліп жатыр. Жауапты мамандардың айтуынша, жуық күндері облысқа қосымша 300 тонна газ жеткізілмек. Осыдан кейін өңірдегі жағдай тұрақталады деген үміт бар.
Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл жол ережелерін бұзғандарға 2,3 миллиард теңгеге жуық айыппұл салынды

