Қазгидромет 16–18 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Алдағы күндері Солтүстік Қазақстан облысында циклонның ықпалы сақталып, өңірде қар жауып, боран соғады. Синоптиктердің мәліметінше, желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін, кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Жолдарда көріну қашықтығы төмендеп, көлік қозғалысы қиындайды.
Солтүстік Қазақстанда ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Түнгі уақытта сынап бағаны 12–28 градус аязға дейін түссе, күндіз 8–18 градус аяз болады.
Мамандардың айтуынша, мұндай ауа райы жағдайы қатты жел мен қар ұйытқыған боранмен қатар жүреді. Сондықтан тұрғындарға алыс жолға шықпау, ал жүргізушілерге аса сақ болу ұсынылады.
Құтқару қызметтері тұрғындарды ауа райының күрт нашарлауына байланысты жылы киінуге, төтенше жағдайлар қызметінің ескертулерін қадағалауға және қажетсіз жағдайда далаға шықпауға шақырады.
Тағы оқыңыз: Қазақстан бойынша жаңа жылдық безендіруге 1 776,8 миллион теңге жұмсалады

