Қазақстан халқы қартайып жатыр. Және қартаю деңгейінің ең жоғарғы көрсеткіші СҚО-да тіркелген. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде қартаю индексі бір жыл ішінде 1,6 тармаққа артқан. Яғни, 2024 жылы Қазақстанда қартаю индексі 31,1 құрады, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 29,5 болған. Бұл дегеніміз 0 мен 15 жас аралығындағы әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 31,1 қариядан келеді деген сөз.
«Өңірлер бөлінісінде бұл көрсеткіштің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген – 78,1, одан кейін Шығыс Қазақстан (76) және Қостанай облыстары (66,4). Ал қартаю индексінің ең төменгі көрсеткіші Маңғыстау облысында, онда 100 балаға 65 жастан асқан 15,2 қарттан келеді. Сондай-ақ аталған көрсеткіштің төмен мәні Түркістан облысында (15,9) және Шымкент қаласында (16,1) тіркелген», — деп көрсетілген ақпаратта.
Айта кетейік, қалалық жерлерде қартаю индексі ауылдық жерлерге қарағанда жоғары – тиісінше 33,4 және 27,5.
Жалпы, қартаю индексі – 100 балаға шаққанда егде жастағы адамдар санын сипаттайтын халықтың жас құрамының көрсеткіші. Ол 65 жастан асқан халық санының 0-14 жас аралығындағы халық санына қатынасы ретінде есептеледі.
Тағы оқыңыз: Жаңа Салық кодексі: Негізгі өзгерістер