Петропавлдық колорист Виктория Величкина шашты бүлдіріп алмау үшін кәсіби бояуларды пайдалануға кеңес береді. Өйткені, дүкендегі өнімдерден шаш жұқарып, сынғыш болып кетуі әбден мүмкін, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазіргі уақытта кішкентай қыздардың өздері сәнге қызығып, шаштарын түрлі түске бояғылары келеді. Алайда, бұл ретте асығыстық танытпаған жөн. Виктория Величка 15 жастан асқан жандарға ғана шаш бояуға болатынын еске салады. Өйткені, одан кіші балалардың бас терісі үлкендердікіне қарағанда сезімтал келеді. Сәйкесінше, аллергиялық реакциясы да күштірек.
«10-нан 12 жасқа дейін шаш бояйтын болсақ, 18 жасқа қараған уақытта шаштың жылтыры кетіп, құрғап қалуы мүмкін. Сонымен қатар, сынғыштыққа ие болады. Қыздарыңыз шаштарын бояуға сонша құмартса, теріге зиян келтірмейтін өнімдерді қолдануға кеңес беремін. Олар: түрлі-түсті борлар, арнайы бальзам ме сусабындар. Бояудың мұндай түрлері теріге зақым келтірмейді, әрі тез жуылады», — дейді колорист.
Халық арасында химиялық бояулар шаштың түсуіне әкеліп соқтырады деген пікір бар. Виктория Величкина мұнымен мүлдем келіспейді. Тек дүкендерде сатылатын кейбір краскалармен бояғанда аллергиялық реакция беріп, арты осындайға жеткізуі мүмкін дейді. Әрине, бұл ретте бәрі әркімнің ағзасы мен химиялық қоспаға байланысты.
«Шаш бояғаннан кейін проблема болмас үшін алдымен бас терісін мұқият қарап, шашты тексеремін. Клиентпен сөйлесіп, химиялық қоспаларға аллергиясы бар-жоғын сұрастырамын. Таңдалған түс адамның түріне келе ма жоқ, оны да алдын ала қарастырамыз. Осы ретте алғаш рет шаш бояуға келмекші жандарға айтарым бар: егер сіз өмір бойы шашыңызды қара түске бояп жүрсеңіз, бірден ашық түске бояп, тәуекел етудің қажеті жоқ. Тәжірибе ретінде өзіңіздікінен сәл ашықтау, жайлы түсті таңдаңыздар», — дейді Виктория.
Шаш боялғаннан кейін ерекше күтімді талап етеді. Міндетті түрде боялған шашқа арналған шампунь-бальзамдарды пайдалану керек. Осы ретте маман күнде бас жуудан аулақ болуға шақырады. Өйткені, бұдан бояу пигменттері тез кетіп қалады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ҚАЖД қызметкері адам соғып кетті