кәсіпкер мал шаруашылығымен айналыса алмай жүр

Шал ақын ауданындағы «Темірханов» ШҚ бір жарым айдан бері жалға алған жерлерінің құжаттарын қолдарына ала-алмай жүр. Аудандық әкімдік мамандары да бұл мәселеде асығар емес. Сол себепті қожалық иелері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгінген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

«Темірханов» ШҚ 2012 жылы құрылған. Қазіргі уақытта қожалық иелігінде 300-ге жуық қой, 90-нан астам ақ бас сиыр мен 3 жылқы бар. Кәсіпкер жылқы санын көбейтуді жоспарлап отыр. Алайда жайылым жер мәселесі шешілмей тұр.

«Жалға алған жеріміз 874 гектар. Норматив бойынша бір сиырға 4,5 га, қойларға 0,9 га, жылқыларға 5,4 гектар болып саналады. Сол нормативтан 50% төмен түспеу керек. 100% асып кетпеу керек. Осы есеппен санағанда біз 80% ұстап отырмыз. Биыл жалға алу шартының мерзімі аяқталды. Енді біз тағы қосымша жайылым жерге мұқтажбыз», -дейді «Темірханов» ШҚ инженері Қазыбек Темірханов.

2013 жылы Шал ақын ауданының әкімдігі шаруа қожалығына 3 жайылым жерді жалға берген. Биыл мамыр айында оның мерзімі аяқталады. Қожалық иелері 16 наурыз күні «E-otinish» порталы арқылы аудан әкіміне жалға алу уақытын ұзартып, тағы жайылым жер алу туралы өтінім жіберген. Сәуірдің 11 күні аудан әкімінің орынбасары рұқсат берілгенін ғана айтып, жауап қайтарған. Алайда кәсіпкерлердің қолына әкімнің шешімін растайтын ешқандай құжат берілмеген.

«Жалға алынған жердің уақытын ұзарту бойынша Шал ақын ауданының әкімдігі кәсіпкерге шешім қабылданып, рұқсат берілгендігі жайлы құжатты қолына бермеген. Сондай-ақ, олар бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрған. Алайда жер кодексіне сай уақытты ұзарту үшін ешқандай комиссия керек емес. Тек кәсіпкер «E-otinish» порталы арқылы өтінім берген соң, оның мәселесі 15 жұмыс күнінде шешілуі тиіс. Ал әкімдік мамандары бұл мәселені бір жарым ай өтсе де, әлі күнге дейін шешпеген», – дейді СҚО «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев.

Кәсіпкерлер бұл жайылым жердің жартысына қыста малға азық болатын шөп егеді. Сол себепті, қыстың қамын жазда ойлап, дайындық жұмыстарын бастаулары керек. Алайда әкімдік мамандары олардың қолын байлап отыр. Шөпті уақытылы екпесек, қыста үлкен шығынға ұшыраймыз дейді қожалық иелері. Жиынға қатысқан Шал ақын ауданы әкімдігінің мамандары болса, әкімнің шешімін шығарып беру үшін уақытымыз болмады деп сылтауратты.

Бұдан бөлек, «Темірханов» ШҚ инженерінің айтуынша, аудандық жер қатынастары бөлімінің өтінішімен қожалыққа тиесілі 401 гектарды басқа ауыл тұрғындары да жайылым жер ретінде пайдалануда. Бірақ жалдау ақысы қожалық басшысының мойнында. Жиын соңында аудан әкімдігі бұл мәселенің  барлығын шешіп, кәсіпкерге тиесілі құжатты жақын арада дайындап беретінін айтты.

 

Тағы оқыңыз: Алдағы мереке күндері ХҚКО-лар жұмыс істемейді

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x