Шал ақын және Мамлют аудандарында автомектеп түлектері теориялық емтихан тапсыру үшін Петропавл қаласына келуі керек. Себебі, аталмыш аудандардың халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтихан тапсыру сыныптары жоқ. Автомектеп директорының сөзінше, ХҚКО-да мемлекеттік қызмет бәріне бірдей тең дәрежеде көрсетілмейді, деп хабарлайды Qazastan Media тілшісі.
Бұл мәселе бүгін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филилалында көтерілді. Шал ақын және Мамлют ауданындағы автомектеп түлектерінің барлығында бірдей облыс орталығына келіп емтихан тапсыруға мүмкіндігі жоқ. Ал кейбіреулері Петропавлға келсе де емтиханнан өте алмай, біраз уақыттан кейін қайта тапсыруға келуі керек. Ал бұл көптің қалтасын қағатын көрінеді.
«Басқа аудандарда автомектеп түлектері теориялық емтихандарды өздерінің ХҚКО тапсырады. Ал бізде ондай мүмкіндік жоқ. Мамлют аудандық ХҚКО басшысымен барып сөйлесіп едім. Мүмкіндігіміз жоқ деп бас тартты. Біз бір группада 10-12 баланы оқытатынбыз. Ал осы емтихан мәселесіне байланысты біздің автомектепке сұраныс күрт төмендеп кетті. Бұл шығын келтіруде. Неліктен мемлекеттік қызмет барлығына бірдей көрсетілмейді?», — дейді Мамлют ауданының автомектеп директоры.
Сонымен қатар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тұрғындар электронды үкімет порталы арқылы теориялық емтиханды тапсыруға өтініш бере алмайтыны туралы да шағымданған. Заңға сәйкес автомектеп түлегі қашан және қай уақытта емтихан тапсырғысы келетінін өзі таңдай алады. Алайда аудандарда мұндай мүмкіндік жоқ екен.
«Біз бұл мәселе жайлы білеміз. Тұрғындар шағымданған күні барлық республика бойынша порталда ақау болды. Тек біздің аудандар ғана емес барлық адамдар өтініш бере алмады. Бұл тек 3 сағатқа ғана созылған болатын. Кейінен барлығы қалпына келтірілді. Ал емтихан тапсыру сыныптары бойынша мұны біз шешпейміз. Егер Астана қаласындағы орталық аппарат рұқсат берсе, біз Мамлюткада да Шал ақын ауданында да теориялық емтихан тапсыру сыныбын ашуға дайынбыз», — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы фронт-офисті үйлестіру басқармасының бастығы Жасұлан Қариев.
Тағы оқыңыз:Петропавлда қоқыс полигонында тәжікстандық азаматтар заңсыз жұмыс істеген