Солтүстікқазақстандықтарға 400 мың тоннадан астам көмір қажет. Бүгінгі күні тұрғындар соның 39 %-ын ғана дайындап үлгерген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңір тұрғындары 32 тұйықтан көмір сатып ала алады. Оның 4-уі Петропавлда орналасқан. Алдағы қыста солтүстікқазақстандықтарға 419 мың тонна қатты отын қажет болады. Қазіргі күні тұрғындар соның тек 163 мың тоннасын сатып алып қойған.
«Бүгінгі күні облыс тұрғындарының шамамен 39%-ті ғана қысқа дайын. Қазіргі уақытта тұйықтарда 32 мың тонна, оның ішінде Петропавл қаласында 2 мың тонна көмір бар. Ал 9800 тоннасы әлі жолда келе жатыр. Біз ҚТЖ-ның өзімен және ашық кеніштермен тікелей келісім-шарттар жасастық. Олардан күн сайын көмір жіберіледі. Темір жол тұйықтарында кептеліс туындамауы үшін тұрғындардан көмірді дер кезінде дайындауды сұраймыз»,-дейді СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин.
Жұмысшы кентіндегі тұйыққа 1 тәулікте «Шұбаркөлдің» қатты отыны тиелген 10 вагон келеді. Бұл дегеніміз шамамен 700 тонна. Оны күнделікті таңғы сағат 6-дан бастап кезекке тұрған жүк көліктері қажет мөлшерде бөліп, сатып алады. 1 тоннасы – 17 мың теңге.
«Осы айда 101 вагон көмір әкелу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 48 вагоны келді. Қалғаны алдағы – екі-үш күнде жетуі тиіс. Келесі айда 78 вагон келеді деп жоспарланған. Көмірді сатып алуға облыс орталығынан, жақын ауылдар мен аудандардан да адамдар келеді»,-дейді «Жан» ЖК менеджері Мұратхан Тұрмұхамбетов.
Көмір бағасы тоннасына 10 мың мен 20 мың теңгенің аралығында. Мұның бәрі көмірдің маркасына және жеткізу қашықтығына байланысты. Жергілікті билік өкілдері қатты отын құнының негізсіз көтерілмеуін бақылауда ұстайды. Әзірге мұндай фактілер тіркелген жоқ.
Тағы оқыңыз:СҚО полицейлері синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесті