Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жедел іс-қимылдың арқасында айдап әкетілген көлікті ізін суытпай тапты. Оқиға Есіл ауданына қарасты Покровка ауылында тіркелді, деп жазады Qazaqstan Media.
Таңертең автокөлік иесі өзінің «Priora» маркалы көлігінің орнында жоқ екенін байқап, дереу полицияға жүгінген. Көп ұзамай оның телефонына жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл туралы хабарлама келіп түскен. «Мегакам.Қорғау» жүйесінің камерасы таңғы сағат 5-тер шамасында Покровка көпірінде жылдамдықты асырған көлікті тіркеген.
«Ақпараттық-бағдарламалық кешеннің бейнежазбасын саралай отырып, тәртіп сақшылары көліктің бағытын анықтап, барлық бағыттар бойынша аудандық бөлімшелерге бағдар жолдады. Жамбыл ауданында тосқауыл бекеттері қойылып, нәтижесінде көлік «Приишимка – Архангелка» тас жолында тоқтатылды»,- деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Рөлде мас күйінде болған 32 жастағы Покровка ауылының тұрғыны ұсталып, Есіл аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобына тапсырылды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 64 жастағы қала тұрғынына тегін күрделі ота жасалды