Солтүстік Қазақстандағы 20-дан астам мектепте спорт зал жоқ. Тағы бірқатар білім ордаларында асхана жұмыс істемейді. Ауылдық жердегі мектептерді былай қойғанда, облыс орталығының өзінде осындай жағдай тіркелген. Бүгіндері Петропавлдағы 4 оқу орнында асхана жоқ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылына дайындық бойынша 10-24 шілде аралығында өңірдің жалпы білім беретін мектептеріне кезекті мониторинг жүргізді. Тексеріс барысында оқу ордаларындағы интернет желісінің жылдамдығына, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының өткізілуіне, қауіпсіздік шараларына баса назар аударылды. Әсіресе, бейнебақылау жүйесінің, лицензияланған күзет, турникет, дабыл түймесінің болуы қадағаланды. Сондай-ақ, мектептер жылы санитарлық тораптар, спорт зал, асхана, пәндік кабинеттер (химия, физика, биология) қамтылуы тиіс.
«Облыста барлық мектептер бейнебақылаумен жабдықталған. Дегенмен білім ордаларының 15 пайызында ақпаратты сақтау жүйесін жетілдіру қажет. Өңірдегі барлық мектептерде жылы санитарлық тораптар орнатылды. Ал Жамбыл Тайынша, Айыртау, Есіл аудандары мен Петропавл қаласының кейбір оқу орындарында бұл шаруа аяқталуға жақын. Оларда қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде», — деді СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алёна Мальгаева.
Бүгіндері облыстағы 5 орта және 17 негізгі мектепте спорт зал жоқ. Алдағы оқу жылында бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету міндеті тұр. Соған қарамастан, Петропавл қаласының 4 толық жинақталған мектебінде және аудандардың бірқатар бастауыш мектептерінде асхана жоқ.
«Мониторинг барысында мектептердің 33%-ында ашылған күннен бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегені анықталды. Ал 128 оқу орнында жылу жүйесін жөндеу қажет. Өңір мектептерін интернетпен 100% қамтамасыз еткеніне қарамастан, 95 нысанда интернеттің жылдамдығы іс жүзінде 4 мбит/сек құрайды. 4-тен 10 мбит/сек дейінгі жылдамдықта 35% (156) мектеп бар және тек 40% — ы 10 Мбит/сек жылдамдықпен жұмыс істейді» — деп баяндады спикер.
Облыстағы бірқатар мектептерде жөндеу жұмыстары тым ұзаққа созылып кеткен. Петропавл қаласындағы №31 орта мектеп пен Ғ. Мүсірепов ауданының Ломоносов орта мектебінде шаруа белгіленген мерзімнен кешіктірілуде. Ал Тайынша ауданының Донецк орта мектебі және Айыртау ауданының Новосветлов орта мектебіндегі жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Тағы оқыңыз: Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы көңіл көншітпейді