СҚО-ның бас полицейіне алаяқтар хабарласып 30 млн теңге талап еткен. Әйтпеген жағдайда жұбайы істі болатындығын айтқан, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Соңғы кездері интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалатындар көбейген. Олардың құрығына кез келген адам ілігуі мүмкін. Мұны облыстық қоғамдық кеңестің отырысына қатысқан Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдұлдинов айтты. Алаяқтар оған да хабарласып ақша сұраған екен.
«Маған алаяқтар хабарласып, жұбайым көлігімен баланы соғып кетті деді. Осы мәселені шешу үшін олар 30 млн теңге төлеу керектігін айтты. Кейін ақшаны алып кету үшін мекенжайымды сұрады. Мен облыстық полиция департаментінің мекенжайын айттым. Олар өздеріне сенімді, яғни сөздеріне иланып қалуға болады. Сондықтан ең алдымен ақпаратты тексеріп алған дұрыс», — дейді Айдын Қабдұлдинов.
Өңірде жасалатын қылмыстардың 27 пайызы алаяқтыққа қатысты екен. Биыл 11 айдың ішінде 940 осындай факті орын алған. Келтірілген шығын — 800 млн теңгені құрайды.
«Бұл соманың тек 29 млн теңгесі ғана өтелген. Өйткені, көп жағдайда интернет-алаяқтар өзге елдің тұрғыны болып шығады. Ал кейде ақшасынан айырылғандар оны кеш түсініп, бізге біраз уақыт өткен соң ғана хабарласады. Полиция қызметкерлері үнемі алдын алу шараларын өткізеді. Бірақ осындай қылмыстар саны азаймай тұр», — деді СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі Анатолий Башмаковқа «Алғыс» кеуде белгісі табыстады