Облыста 2023 жылдың басынан бері қызылшаға күдікпен 442 жағдай тіркелді. Оның 316-ы расталған. Биыл 75 адам ауру жұқтырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифинг облыстағы эпидемиалогиялық ахуалға байланысты болды. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, облыста 316 адам қызылша жұқтырған. Оның 270-і Петропавлда тіркеліп отыр.
«Науқастардың 87% қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Оның ішінде 58 адам жеке сенімі бойынша бас тартты. 30-ы медициналық көрсеткіштер бойынша екпеден босатылғандар. 119 науқастың вакцинация статусы белгісіз» деді спикер.
Ауру жұқтырғандармен байланыста болған 22 132 адам тіркеліп, оның 1282-не 72 сағат ішінде екпе қойылған. Қатынаста болғандардың арасында вакцинадан бас тартқандар, медициналық көрсеткіштер бойынша босатылғандар да бар.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар саны 1,7 есе өскен