Солтүстік Қазақстанда бір апта бұрын болған ірі жол апатынан зардап шеккен 20 жасар қыз ес жимастан көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Еске сала кетейік, ірі жол апаты ақпанның екісі күні Есіл ауданындағы Покровка және Петровка ауылдарының арасында болған. Howo жүк көлігі мен Toyota Camry автокөліктері соқтығысып, соңғысының 43 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал салонда болған төрт адам ауруханаға жеткізілген болатын. Сол кезде дәрігерлер екі жолаушының жағдайы ауыр деп бағалаған еді.
«Есіл аудандық ауруханасына 45 жастағы келіншек пен 20 жасар қыз жеткізілді. Екеуінің де жағдайы ауыр. Екеуі де комада жатыр», — деген болатын сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Ал бүгін бір апта комада жатқан 20 жасар қыз ес жимастан ауруханада көз жұмды. Мұны облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растап отыр.
Жол апатынан 2007 және 2008 жылы туған екі жасөспірім де зардап шеккен болатын. Олар көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір ем қабылдап жатыр.
Тағы оқыңыз: Петропавлда волонтерлер қарттарға қар тазалауға көмектесті