Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 1-10 сынып аралығындағы 64 770 оқушыны жазғы демалыспен және жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл жалпы оқушылар санының 95 пайызын құрайды. Балалар жазғы лагерьлерде,мектеп алды алаңдарда, палаткалы немесе киіз үй лагерьлерінде демалады, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыстық әкімдікте өткен жиында оқушылардың жазғы демалысын тиімді әрі қауіпсіз өткізу жоспары талқыланды. Өңірде балаларға арналған жазғы демалыс бірнеше бағытта ұйымдастырылады. Қала сыртындағы лагерьлерде 6200 оқушы демалады. Тамақтануы бар мектеп жанындағы лагерьлерде – 12 200 оқушы, тамақтанусыз мектеп жанындағы алаңдарға – 28 700 оқушы барады. Палаткалы және киіз үйлі лагерьлерде – жеті мыңнан астам оқушы дем алмақ. Спорттық секциялармен 10 820 оқушы қамтылады.
Жазғы науқанды ұйымдастыруға 6000-нан астам педагог жұмылдырылып отыр.

«Облыс аумағында 10 қала сыртындағы лагерь бар. Оның тоғызы Солтүстік Қазақстан аумағында, біреуі Ақмола облысы аумағында орналасқан. 2025 жылы лагерьлерді ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 393 млн теңге бөлінді. Оның ішінде: 368 млн теңге – жергілікті бюджеттен бес лагерьді жөндеуге, 25 млн теңге – сенімді басқарушылар тарапынан қарастырылған», — деді өз баяндамасында білім басқармасының басшысы Айнгүл Сұрағанова.
Айгүл Сұрағанованың айтуынша, балалардың демалыс орындарын жөндеу жұмыстары барысында ауыл кәсіпкерлері де белсенді қолдау көрсетуде. Мәселен, Ғ. Мүсірепов ауданының шаруашылықтары жыл сайын «Қарлығаш» лагерін жөндеуге бес млн теңгеге дейін көмек көрсетеді.
«Лагерьлерді қабылдау 30 мамырға дейін аяқталады. Жазғы маусымның ашылуы 6–10 маусым аралығында жоспарланған. Балаларға бес мезгіл тамақтану ұйымдастырылады. Мемлекеттік лагерьлерге жолдама құны – 35 000 теңге. Сенімді басқарудағы лагерьлерге – 60 000 теңге тұрады»,- деді Айнагүл Сұрағанова.
«Жаздық жолдама» жобасы арқылы ауылдық жерлерден шыққан 210 бала Ақмола облысындағы «Парус» лагерінде тегін демалады. Оған қаражат «Қазақстан халқына» қорынан бөлініп отыр.
Сонымен қатар, республикалық деңгейдегі «Балдаурен» орталығында – 96 бала, «Бөбек» орталығында – 20 бала, «Чайка» лагерінде – 180 бала жазғы демалыспен қамтылады.
Екінші маусымнан бастап өңірдегі мектептер жанында 424 жазғы алаң жұмысын бастайды. Бұл алаңдарда 58 570 оқушы түрлі үйірмелер мен іс-шараларға қатыса алады.