СҚО тұрғыны заңсыз сібір елігін атып алып қаруды әкесінің үйінде жасырған. Енді браконьер 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға Ғ. Мүсірепов ауданда орналасқан Рузаев аңшылық шаруашылығының аумағында орын алды. Қорықшы төңіректі тексеріп жүріп еркек сібір елігін мүшелеуден қалған қалдықтарға тап болады. Ол бұл туралы бірден аудандық полицияның кезекші бөліміне хабарлаған. Тәртіп сақшылары күдіктіні сол күні анықтады. Ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Көп ұзамай әкесінің үйінен 16 калибрлі «ИЖ-18» мылтығы мен жануардың еті табылды.
«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Жануардың еті мен қалдықтары, күдіктіге тиесілі мылтық пен «Урал» мотоциклі тәркіленіп алынды. Қажетті сараптамалар тағайындалды», — дейді аудандық ПБ бастығы Марат Әлжанов.
Енді браконьер 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Онымен қоса, заңсыз мылтық сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы балалар ауруханасына – 40 жыл