Солтүстік Қазақстанда заңсыз аң аулаудың екі фактісі тіркелді. Браконьерлер еш жерде тіркелмеген мылтықтарды қолданған. Енді олар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Аңшылар екі жағдайда да сібір еліктерін атқан. Бір факті Айыртау ауданында, екіншісі Шал ақын ауданында тіркелді. Ұсталған үш азаматтан тіркелмеген мылтықтар тәркіленді. Енді олар ірі мөлшерде айыппұл төлейді немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
«Полиция департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мобильдік топтар құрды. Олар күн сайын заңсыз аңшылық фактілерінің жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Қазір аша тұяқты жабайы жануарларды атуға тыйым салынғанын еске саламын. Мұндай фактілер анықталған жағдайда құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылады», — деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах
Ақпан айының басынан өңірде «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Тәртіп сақшылары жеті күн ішінде 91 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 62-сі – аңшылық, 21-і – балық аулауға қатысты.
Тағы оқыңыз: СҚО-да шенеуніктер балабақша салу үшін заңды бұзып, 1,7 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алулар жүргізген