Солтүстік Қазақстан облыстық орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы «30 қадам-ізгілікке» акциясы аясында көпсалалы балалар ауруханасының кітап қорын толықтырды. Осылайша, олар жас пациенттердің уақыттарын пайдалы әрі қызықты өткізуіне септесті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
София Чемисованың ауруханада ем алып жатқанына бір апта болған. 10-шы сынып оқушысы бос уақытта кітап оқимын деп, үйінен оқулықтарын алдыртқан. Жасөспірімге адамның жан дүниесін, ішкі сезімдері мен өзара қарым-қатынасы туралы оқып, зерттеген ұнайды екен.
«Маған жалпы психологиялық кітаптарды, классик жазушылардың шығармаларын оқыған ұнайды. Болашақта мамандығымды осы психологиямен байланыстырсам деймін. Ауруханада да кітап қоры жаман емес. Мен жатқан педиатрия бөлімінде де кітаптар бар. Бірақ, оларды әлі оқыған жоқпын. Үйден алдыртқан оқулықтарымды оқып жатырмын», — деді София Чемисова.
Балалар ауруханасының кітап қорын жаңа шығармалармен толтықтыру мақсатында, Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы 20 шақты оқулық сыйлады. Оның ішінде әсіресе кішкентай пациенттерді қызықтыратын ертегілер жинағы көп.
«30 қадам-ізгілікке» акциясы аясында «Балаларға қуаныш сыйла» бастамасымен түрлі жанрдағы кітаптарды әкелдік. Бұл алдымен балалар бос уақыттарын тиімді өткізсін деген ой. Кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру. Біз осыған дейін де аталмыш медициналық мекемеге кітаптар сыйлаған болатынбыз. Алдағы уақытта да түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, осында жатқан кішкентай пациенттерді қуантуға тырысамыз», — дейді қауымдастық төрағасы Владимир Витченко.
Қазіргі кезде көпбейінді облыстық балалар ауруханасының педиатрия бөлімінде 32 бала ем қабылдап жатыр. Олардың басым бөлігі мектеп жасындағы балалар. Сондықтан оқулықтар олар үшін жақсы сый болды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да сегіз елікті атып өлтірген браконьерлер ұсталды