СҚО-да орман өрті жиілеп кетті. Жыл басталғалы осындай 8 жағдай тіркеліп, тілсіз жау 32 гектарға жуық алқапты күлге айналдырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңірде өрт қаупі басым кезең басталды. Бұл уақытта тұрғындар құрғақ шөп пен қоқысты жандырады. Ал оның арты соқпақты болуы мүмкін. Бір ай ішінде облыс аумағында 40-тан астам өрт оқиғасы тіркелсе, соның 10-ы құрғақ шөпті жандырудың салдарынан орын алған (М. Жұмабаев – 3, Жамбыл – 2, Шал ақын – 2 Қызылжар – 1, Тайынша – 1, Мамлют — 1). Бұл орман өртінің бас көтеруіне де жағдай жасайды.
«Қауіпті маусым басталғалы өңірде 8 орман өрті тіркелді. 31,8 га жасыл желек алқабы отқа оранды (Жамбыл – 3, Шал ақын – 3, М.Жұмабаев – 1, Қызылжар — 1). Тағы бір айта кетерлігі, бізде ормандар мен жолдар арасында жасалатын минералды жолақтар жоқ. Олар тоғайларды қызыл жалынан қорғауға септігін тигізер еді», — дейді СҚО ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Дмитрий Растихин.
Тағы оқыңыз: Көктемгі егіс науқанына шалақындық диқандар сақадай сай