Облыс прокурорлары білім беру нысандарын интернетке қосу кезінде бюджеттің тиімсіз жұмсалу фактілерін анықтады. Прокурорлық тексерулер нәтижесінде 360 миллион теңгеден астам сомаға жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарында өрескел заңбұзушылықтар болғаны белгілі болды, деп жазады Qazaqstan Media.
Айыртау, Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов атындағы және Шал ақын аудандарының білім бөлімдері мектептерді интернетке қосу қызметіне шарттар жасасқан. Алайда көрсетілген қызметтердің сапасы техникалық талаптарға сәйкес келмеген.
«Мәселен, Ақжар ауданындағы Горький орта мектебінде интернет жылдамдығы талап етілген параметрлерге сай болмағандықтан, мұғалімдер қажетті роутерді өз қаражатынан сатып алуға мәжбүр болған. Бұл – «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының талаптарын бұзу болып табылады»,-деп жазылған Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының сайтында.
Прокурорлардың қадағалау актілері негізінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Көрсетілген қызметтер құнын төмендету туралы қосымша келісімдер жасалды. Соның нәтижесінде 75,8 миллион теңге көлеміндегі негізсіз бюджет шығындарының алдын алынды.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы саңырауқұлақ фермасының 70 пайызы тұрғызылды