СҚО-да малшылар мектебі ашылды

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында фермерлердің білімін арттыруға арналған малшылар мектебі ашылды. Ол жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО-да мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мәселен, елімізде өндірілетін барлық сүттің 10%-ы өңірімізге тиесілі. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыста 106 сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Оның 38-і – заманауи. Осылайша, сәтті жүзеге асқан пилоттық жоба енді ел бойынша қолға алынып жатыр. Былтыр республикалық бюджеттен заманауи фермалар құрылысына 100 млрд теңге бөлінсе, оның 17 млрд теңгесі СҚО-ға берілді. Қазіргі уақытта тағы да 18-ін салу жоспарланып отыр.

«2010 жылдан бастап облысқа шетелден көптеп мал әкелініп жатыр. Олардың күтімі өзгеше, солардың жемшөбін дайындау, беру, оның құрамы қандай болуы тиіс — мұның бәрі алып отырған ет-сүтімізге әсер етеді. Заман бір орында тұрмайды, бұл салада да жаңашылдықтар бар. Малды азықтандыруда, жемшөп дайындауда, селекцияда, генетикада – жалпы күтіп-баптауда көптеген өзгеріс бар. Малшылар мектебінің мақсаты – мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың өкілдерін жаңа технологиялармен таныстыру, осы саладағы жаңалықтармен бөлісу, біліктіліктерін арттыру. Облыстың әр ауданынан 2-3 маманнан қатысып жатыр. Сондай-ақ Ақмола мен Қостанай облыстарының өкілдері қатысуға ниет білдірді», — дейді СҚО ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Алтынбек Абдуллаев.

Дәріс оқуға «Qazaqsut» ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдарының республикалық палатасының өкілдері, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ғалымы, Алматы қаласынан сарапшылар келді.

«Өзіміздің осы ғылыми институтымызда ауыл шаруашылығы ғылымдарының 8 кандидаты бар. Бір ғылым докторымыз бар. Сол кісілердің күшімен осы сабақтарды өткізетін боламыз. Сондай-ақ ауылдағы сүт фермасына барып, тәжірибе жүзінде көрсетеміз. Дәрістер үш күнге шақталған. Білім алуға келгендердің барлық шығынын көтеріп жатырмыз», — дейді Алтынбек Абдуллаев.

Малшылар мектебі жыл соңына дейін жұмыс істемек. 

Тағы оқыңыз: Алдағы үш күнде жаңбыр мен қар жауады

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x