Солтүстік Қазақстан облысындағы 200 ауылда орталық су жүйесі жоқ. Өңірде отыз мың адам тіршілік нәрін құдықтан тасып ішеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі 24KZ сілтеме жасап.

Бірлік ауылы тура Есіл өзенінің бойында орналасқан. Елді мекеннің маңайында 10-нан аса бұлақ көзі бар. Бірақ ауылдың өзінде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Тұрғындардың күні құдыққа қарап отыр. Бейбіт Қапаров Бірлік ауылында туып өскен. Көпті көрген қария өмір бойы құдықтың суын ішіп келеді. Оған еті де үйреніп кеткен.

«Қыста суды тасып ішу қиындау, әрине. Кейде аязды күндері құдық та қатып қалады.  Қазір 21-ші ғасыр. Әр үйде су болуы керек қой. Бізге де үйімізге су тартып берсе жақсы болар еді», — дейді Бірлік ауылының тұрғыны Бейбіт Қапаров.

Мұндай құдық әр үйде бар. Тіршілік нәрі 10 метр тереңдіктен шығады. Бұл бір ғана Бірліктің жағдайы емес. Іргелес Жаңажол, Жаңаталап, Кеңес ауылдарының тұрғындары да суды тасып ішеді. Осы төрт елді мекенді сапалы ауызсумен қамту үшін республикалық бюджеттен екі млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.  

«Биыл Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап ауылдарына су тартылады. Бұл елді мекендерге сорғы станциялары мен ауызсу резервуарлары салынып, көшелерге құбырлар орнатылады. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталды», — деді Шал ақын ауданының сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рүстем Марқасарин.

Биыл облыс бойынша 100 ауылға сапалы ауызсу тартылады. Ол үшін 23,5 млрд теңге бөлінген. Алайда мұнымен мәселе түбегейлі шешілмейді. Мыңдаған адамның күні сол баяғы қара құдыққа қарап қала бермек.

Тағы оқыңыз:2024 жылғы пітір садақа мөлшері белгілі болды

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x