СҚО-да есірткі жасырып, сатқан әйел 10,5 жылға сотталды. Полицейлер оның пәтерінен 1 келіден астам α-PvP немесе тұз деп аталатын есірткі түрін тәркіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тәртіп сақшылары 30 жастағы тұрғынды өткен жылдың күзінде ұстады. Белгілі болғандай, ол синтетикалық есірткі салынған 20 қапшықты басқа жаққа жіберу үшін жасырып қойған екен. СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелдің үйінен 1 келіден астам ірі мөлшердегі α-PvP немесе тұз деп аталатын қауіпті есірткі тәркіленді. Тауардың Астанадан әкелінгені анықталған. Қылмыс жасаған келіншекке сот 10,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Қазір ол қылмыстық мекемелерде жазасын өтеп жатыр.
«Полиция қызметкерлері есірткі жеткізу арналары мен сату фактілерін анықтауға және олардың жолын кесуге бағытталған ауқымды жұмыс жүргізуде. ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің санкциясына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза көзделген. Жыл басынан бері облыста соттар есірткі саудалаушыларға қатысты 10 үкім шығарды, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Тағы оқыңыз: Ғ.Мүсірепов ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алған