СҚО-да аудандық аурухана көмірдің бір келісін 10 мың теңгеге сатып алмақ болған. Мемлекеттік сатып алу саласындағы өзге де былықты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы әшкереледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өткен жылы өңірде мемлекеттік сатып алу бағасын асыра көрсетудің 96 фактісі анықталды. Нәтижесінде 2 млрд теңге үнемделген. Айталық, былтыр «Еңбек-Қызылжар» филиалы бір келі минтай балығын 12 мың теңгеге сатып алмақ болған. Бірақ іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері араласып 150 млн теңге үнемделген. Мемлекеттік сатып алу саласында бағаны шарықтатып көрсету фактілері биыл да жалғасын тапқан.
«Уәлиханов аудандық ауруханасы бір келі көмірді 10 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әрекет еткеннен кейін мемлекеттік сатып алу жоспарына өзгерістер енгізілді. Ал Тайынша ауданының білім бөліміне жоспардың 6 тармағын қайта қарау бойынша ұсынымдар енгізілді. Осылайша, жиһаз, қазандық және оқу кабинеттерін сатып алу бағасы төмендетіліп, 115 млн. теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік туды», — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов.