Биыл елді-мекендерді абаттандыруға 5,8 млрд теңге қаржы бөлінбек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
29 наурызда өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылды. Оған 14 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қатысқан. Жалпы, 5,6 мың аула тазартылған. Оның 403-і көпқабатты, 5,2 мыңы жеке тұрғын үй. Сондай-ақ 131 тарихи-мәдени ескерткіш, 96 саябақ пен скверде санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілген. Барлығы 9,5 мың тонна қоқыс шығарылған. Бұл жұмыстарға 255 техника жұмылдырылды.

«Биыл облыста абаттандыру жұмыстары жалғасады. Елді мекендерді көгалдандыруға бюджеттен 5,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа саябақтар мен скверлерді көгалдандыру, балалар ойын алаңдарын орнату, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. 2021-2024 жылдар аралығында облыста көгалдандыру және жасыл аймақтарды құру аясында 373,4 мың түп көшет отырғызылса, биыл тағы 130 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр», — деді Қанат Дүзелбаев.
Көгалдандыру шығындарын азайту мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, бизнес құрылымдары мен жеке кәсіпкерлер тартылуда. Алайда, 2024 жылғы су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарынан кейін Петропавл мен Кызылжар аудандары көгалдандыру жоспарларын толық орындамапты. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл аяқталып, жоспар 100 пайыз жүзеге асырылуы тиіс.
Тағы оқыңыз: Қазақстанға тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салынды