Соңғы екі күнде облыста төрт өрт оқиғасы тіркелген. Бір көлік пен үш баспанадан от шықты. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ, деп жазады Qazaqstan Media.
Өрт оқиғасының екеуі Петропавл қаласында тіркелді. Екі жағдайда да көп қабатты үйдің пәтерлері зардап шекті. 26-шы қазан күні Болатбаев көшесінде болған от шығу оқиғасында екінші қабаттағы пәтердің балконындағы жеке заттар жанған. Адам шығынын болдырмас үшін, үшінші және төртінші қабаттағы тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылды. Эвакуацияланған 13 адамның екеуі бала.
«27-ші қазан күні Уәлиханов көшесіндегі бес қабатты үйдің төртінші қабатында өрт шықты. Онда жиһазға от тиген. ТЖД мамандары 34 адамда эвакуациялады. Өрт туралы дабыл түнгі сағат 01.29 минутта келіп түсті. Қызыл жалынды ауыздықтау үшін жеке құрамнан 28 адам, 11 техника жұмылдырылды»,-деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Баспанадағы өрт фактісі Есіл ауданы Николаевка ауылында да болды. Мұнда да от түнде шыққан. Жеке үйдің 70 шаршы метрі жанып кетті. Алдын-ала болжам бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған.
Ал, көліктің жануы Ғ.Мүсірепов ауданында тіркелді. Audi көлігінің мотор бөлігі тұтанған. От екі минут ішінде ауыздықталыпты. Өрт жанармай беретін шлангтың үзілуінен болған екен.
Тағы оқыңыз: Петропавлда су бұру арнасының құрылысы аяқталуға жақын

