Солтүстік Қазақстанда екі адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жүк көлігінің жүргізушісі үй қамаққа алынған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ақпанның екісі «Жезқазған-Петропавл» тасжолында Howo жүк көлігі мен Toyota Camry автокөліктері соқтығысып, соңғысының 43 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Апаттан зардап шеккен 20 жасар қыз бір аптадан соң ауруханада қайтыс болды. Салонда болған тағы үш адам ауруханада жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр.
Ал жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«1961 жылы туған жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты іс қозғалды. Ол қазіргі уақытта үй қамаққа алынған», — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Бүгіндері полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы бойынша сараптама тағайындау және сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін материал жинауда.
«Іс абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бабы бойынша жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл 155 адам қызылша жұқтырған