СҚО-да бір апта ішінде тоғыз адамды кене шаққан

Солтүстік Қазақстанда бір апта бұрын кенелерді улау жұмыстары басталған. Әзірге дезинсекциялау шаралары Айыртау ауданында ғана жүргізіліп жатыр. Мұны облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бір апта ішінде кенелер тоғыз адамды шаққан. Зардап шеккендердің біреуі – бала.

«Кене шаққандардың алтауы петропавлдықтар. Тағы Айыртау, Аққайың және Тайынша аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,8 есе аз. Былтыр кене шаққан 17 адам жүгінген болатын. Сәуірдің 16-сы Айыртау ауданындағы Айыртау және Лобаново ауылдарында дезинсекциялау жұмыстары басталды», – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.

Жалпы эпидемиялық маусым жыл сайын сәуірде басталып қазан айына дейін жалғасады. Осы орайда мамандар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін ескеріп, кенеден қалай қорғану керектігін тағы бір мәрте айтып өтті.

«Кенелер – кене энцефалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы (Лайм ауруы), геморрагиялық қызба және т.б. сияқты көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштары ретінде қауіпті. Ең қауіптілердің бірі – кене вирустық энцефалиті. Аурудың маусымдылығы кенелердің жаппай көбеюімен байланысты (мамыр-маусым айлары). Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесінің басым зақымдануымен болатын жіті инфекциялық ауру. Одан дер кезінде емделмесе, науқас мүгедек болып қалуы, тіпті қайтыс болуы мүмкін», – деп еске салады эпидемиолог мамандар.

Сондай-ақ мамандар тұрғындарға табиғат аясында шыққанда жеңі ұзын әрі ашық түсті киім киіп шығуға кеңес берді. Өйткені қара кене ашық түсті киімде жақсы көрінеді.

«Кенелер 1,5 метрден жоғары көтерілмейді, сондықтан олар адамның аяғына жабысады және ыңғайлы жер іздейді. Сондықтан табиғат аясынан келгенде  барлық жерді жақсылап тексеріп, қарап шыққан жөн. Егер де кенені тапсаңыз, оны бірден жұлып алуға тырыспаңыз. Оның кей мүшелері денеде қалып қойып, қатты қабыну реакциясын тудыруы мүмкін», – дейді мамандар.

Ең бастысы кене шаққан адам бірден тұрғылықты жері бойынша емханаға баруы тиіс.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 100-ден аса бригада тасқынның салдарын жоюға қатысады

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x