Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды. Облыс бойынша жылыту маусымы басталғалы 28 өрт тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде 37 оқиға болған. Көрсеткіш 24 пайызға төмендегенімен, өрт қаупі әлі де жоғары. Өрт салдарынан бес адам көз жұмған, оның бірі — бала. 2024 жылы бұл көрсеткіш сегіз адамды құраған, деп жазады Qazaqstan Media.

Өрттердің негізгі себептері жыл сайын қайталанады: пешті пайдалану ережелерін бұзу – жеті жағдай, электр жабдықтарын дұрыс қолданбау – 12 жағдай, мас күйінде төсекте шылым шегу – үш жағдай.

СҚО-да баспанадан өрт шығу жиіледі: облыс әкімі нақты шара қабылдауды талап етті
СҚО-да баспанадан өрт шығу жиіледі: облыс әкімі нақты шара қабылдауды талап етті

«Бұл фактілер профилактикалық жұмыстардың жеткілікті деңгейде жүргізілмей жатқанын көрсетеді. Аудан әкімдер бұл мәселеге немқұрайды қарауда. Әрбір әкім ТЖД, полиция және қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Түтін датчиктерін орнатып, үйлерді аралап, тұрғындарға ескерту қажетә, – деді өңір басшысы.

Ғауез Нұрмұхамбетов ауылдық округ әкімдері мен учаскелік инспекторларға ерекше жауапкершілік жүктеді. Оның айтуынша, әрбір әкім өз аймағындағы әлеуметтік жағдайы төмен, тұрмысы нашар отбасыларды жақсы біледі. Егер тиісті жұмыстар уақтылы атқарылса, көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.

«Әлеуметтік осал топтардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Пештерді жөндеп, мұржаларды тазалау, бұл санаттағы адамдарға көмек көрсету жұмыстарын жалғастыру қажет. Осал топтағы отбасыларды ерекше бақылауға алу керек», – деді облыс әкімі.

Бүгінде өңірдегі 4615 тұрғын үйге түтін датчиктері орнатылған, алайда тағы 1166 үйге қою қажет. Бұл бағытта Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Есіл, Жамбыл және Уәлиханов аудандарында жұмыс баяу жүруде.

«Кейбір әкімдер бұл іспен мүлде айналыспайды. Қарап отырсаң, сол аудандардың тұрғындары емес пе? Датчик орнату жұмыстарын  бесінші қарашаға дейін аяқтауды тапсырамын. Талап орындалмаса, жауапкершілікке тарту керек. Бұл – адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін маңызды», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Әкім жылыту маусымы аяқталғанға дейін әлеуметтік осал топтар мен тұрмысы төмен отбасыларды аралау, түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Ғауез Нұрмұхамбетов газ толтыру бекеттерінің иелерімен де түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де атап өтті.

Тағы оқыңыз: СҚО-да екі күн ішінде төрт өрт оқиғасы тіркелді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *