Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын өсіргені үшін түрлі деңгейдегі 142 кәсіпкер әкімшілік жазаға тартылды. Оның 123-іне ескерту жасалса, 19-ына 1 624 480 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Азық-түлік бағасының өсуі AMANAT партиясының облыстық бақылау комиссиясының отырысында қаралды. Тауар құнын жөнсіз көтеру сауда орындарын тексерген кезде және электрондық шот-фактураларды талдау нәтижесінде анықталған.
Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелер мемлекеттік сатып алу барысында әлеуметтік маңызы бар тауарларды жоғары бағамен алған. Мұндай фактілер аймақтағы білім беру мекемелерінде анықталды. Кейбір жағдайларда орташа нарықтық бағалар ескерілмеген, бұл тауарлардың қымбаттауына алып келді. Аталған деректер бойынша материалдар тиісті органдарға, соның ішінде экономикалық тергеу департаменті мен прокуратураға жолданды.
«Баға бақылауын күшейту мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ескерту шарасы әкімшілік айыппұлмен алмастырылды. Жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — бес АЕК, орта кәсіпкерлік үшін — 35 АЕК, ал ірі кәсіпкерлікке — 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайтадан заң бұзушылық орын алса, айыппұл мөлшері екі есе өседі», — деді СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшева.
Отырыс барысында картоп бағасына ерекше назар аударылды. 2025 жылдың қаңтар айында оның көтерме бағасы 220-250 теңгеге дейін жеткен. Ал шағын дүкендерде өнім 340 теңгеден саудаланған. Бағаның өсуіне экспорт көлемінің артуы мен өнім сапасының төмендеуі себеп болған.
Тағы оқыңыз: Қазақстан Жеңістің 80 жылдығына арналған ресми логотипті таныстырды