Солтүстік Қазақстанда бір елікті атуға ғана рұқсат қазағы бар ауыл тұрғындары 4 бірдей жануарды өлтірген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға М.Жұмабаев ауданындағы Пулеметовка ауылының маңындағы орманда болған. Мылтықтың дыбысын естіген тәртіп сақшылары жараланған ересек елікті қуып жүрген алты ер адамды байқап қалады. Үшеуінің мылтығы болған. Алайда, олардың тек біреуінде ғана бір бас жануарды атуға рұқсат қағазы бар болып шықты. Кейін аңшылыққа қатысқандардың бірінің қорасынан тағы 3 еліктің денесі табылды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Атылған 4 елік пен 5 аңшы мылтығы тәркіленді.
«Қазіргі уақытта осы қылмысты жасады деген күдікпен ауданның 37 жастағы екі тұрғыны қамауға алынды. Сондай-ақ 62 жастағы тағы бір ауыл тұрғынын жауапкершілікке тарту мәселесі шешіліп жатыр. Болған оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталмақ», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 1661 бала қызылшаға қарсы екпе алды