Солтүстік Қазақстанда бюджет қаржысын қалтасына басқан аудандық білім бөлімінің есепшісі сотталды. Мемлекеттік қызметкер жарты жыл ішінде 4 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
26 жастағы Айсұлу Молдабекова 2023 жылдың сәуір айында Ғ. Мүсірепов аудандық білім бөліміне есепші болып орналасады. Ал қыркүйек айында ол «Парус Kaz» бағдарламасы арқылы қызметкерлерге жалақы тағайындау кезінде кейбірінің еңбекақысын асыра көрсеткен. Ал артық ақша оның Halyk Bank-тегі шотына түсіп отырған. Осылайша ол 4 млн 78 мың теңгені иемденген.
«Айсұлу Молдабекова сотта өз кінәсін толық мойындады. Ол «Парус Kaz» бағдарламасында жалақы мен салық аударымдарын есептеу кезінде кемшіліктерді байқаған. Яғни, «Swift» файлында жалақыны аудару туралы құжатты қалыптастырып оны жұмыс үстеліне ауыстырған кезде деректерді өңдеуге болады екен. Кейін түзетулер енгізген соң файлды сақтауға болады», — деп көрсетілген сот материалдарында.
Осыны түсінген Молдабекова пайда табуды көздейді. Сөйтіп, әлгі бағдарлама арқылы ол қызметкерлерге нақты берілетін жалақыны көрсетеді. Ал басшылық қол қойғаннан кейін құжатты қайта жүктеп, түзетулер енгізіп, оны қазынашылық органдарына жіберіп отырған. Түскен ақшаны білім бөлімінің бұрынғы есепшісі керегіне жаратып, қарыздарын жабуға жұмсаған. Оның бұл әрекеті тек мамыр айында ғана әшкере болған. Сол кезде тексеріс жүргізіліп, құжаттардың сәйкес келмейтіні анықталды.
Ол жымқырған ақшасын мемлекетке толығымен қайтарып, өзін қатаң жазаламауды сұрады.
Дегенмен сот Айсұлу Молдабекованы ҚР ҚК 190-бабының 3-ші бөлігінің 1-тармағы (Алаяқтық) бойынша кінәлі деп тауып, оның үш жылға бас бостандығын шектеді.
«Дәл осы мерзімге Молдабекова мемлекеттік ұйымдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ, оның уәкілетті мемлекеттік органның хабарламасынсыз тұрғылықты жері мен жұмысын өзгертуге құқығы жоқ. Бұдан бөлек, оған алкоголь сататын дүкендер мен алкогольді ішетін кафелерге баруға тыйым салынады», — делінген сот үкімінде.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда жергілікті полиция қызметі таратылады