Солтүстік Қазақстанда Ауған соғысына қатысқан 60 адам өздеріне тиесілі пәтерлерін ала алмай жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Биыл 15-ші ақпан күні кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады. Сол соғысқа бір жарым мыңнан астам солтүстікқазақстандық қатысқан. Олардың 46-сы елге оралмады. Тағы 687 жауынгер түрлі аурудан қайтыс болыпты. Олардың артында қалған балалары әкелеріне тиесілі пәтерлерді әлі ала алмай жүр екен. Бұл туралы бүгін Ерік Тәттібаев өңірге іс-сапармен келген «Қазақстан халық партиясы» депутаттарымен кездесу барысында айтты.
«Бізге 6 пәтер береміз деп уәде еткен. Міне, 3 жыл болды. Әлі орындалған жоқ. Түсінемін, өңірде жетім балалар мен әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар көп шығар. Бірақ соғыс ардагерлерінің көбісі өздерінің арман еткен үйлеріне қол жеткізе алмай өмірден өтіп кетіп жатыр. Енді оларға уәде етілген пәтерлер ең құрығанда балаларына берілсе екен дейміз», — дейді облыстық Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері одағының төрағасы Ерік Тәттібаев.
Мәжілісмендер пәтер мәселесі ел аумағында өте өзекті екенін тілге тиек етті.
«Біз ардагерлер туралы заңның бастамашысымыз. Біз бұл заңға сіздің айтып отырған мәселеңізді толықтырып қайта көтеруіміз керек деп ойлаймын. Мұндай өзекті мәселелер шешілуі керек», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова.
Тағы оқыңыз:Демалыс күндері қалың қар түседі