СҚО-да ат спорты дамып келеді. «Құлагер» ипподромында кез-келген тұрғынның спорттың бұл түрімен айналысуына мүмкіндік бар. Кәсіби жаттықтырушылар ат үстінде дұрыс отыруды үйретеді. Сондай-ақ, жылқымен серуендеуге мүмкіндік жасалған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Әлия Асқарованың ат спортымен айналысып жүргеніне 5 жыл. Жасөспірім қысқа қашықтықта өтетін облыстық деңгейдегі бірқатар бәйгелердің жүлдегері. Қазіргі уақытта Бескөл ауылында балаларды жаттықтырып, ат спортын дамытуда. Жалпы бүгіндері ипподормға келушілердің қарасы қалың. Олардың арасында түрлі жастағы адамдар бар.
«Өкінішке орай, ат спортымен кәсіби түрде айналысатындар өте аз. Бұл спорт түрі адамға ерекше эмоция сыйлайды. Өзім бұл спортқа хобби ретінде қараймын. Менің ойымша, атқа міну әр қазақтың қанында бар. Тек соны дамыту қажет деп ойлаймын», — дейді Әлия Асқарова.
Қазіргі уақытта ипподромда 9 жылқы күтіп-бапталады. Олардың әрқайсының өзіне тән мінезі бар. Тек бабын табу қажет.
«Ең алдымен жылқы өзін жайлы сезінуі үшін аттың арқасын тазалаймыз. Содан кейін ғана ер-тоқымды кигіземіз. Кейін жылқыға да өзімізге де ыңғайлы етіп буып, байлаймыз. Бұл нық отыру үшін керек. Бұдан соң ауыздық салынады. Егер оған немқұрайлы қарасаң, биік белестерді бағындыра алмайсың. Осыған аса мән беру қажет», — дейді Әлия Асқарова.
Мамандардың айтуынша, атқа отыру денсаулыққа пайдалы. Сондай-ақ, мұнда келгендер жылқымен серуендеп, бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізе алады.