СҚО-да адам денсаулығына зиян келтіріп, өлімге дейін жеткізу фактілері 22%-ға көбейді. Сондай-ақ, мал ұрлау деректері де артқан. Бұл жайында бүгін облыс прокурорлары өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Прокурорлар 2023 жылдың 1-жартыжылдығы бойынша атқарған жұмыстарын қорытындылады. Алғаш болып баяндама жасаған Қайрат Әбдіхановтың сөзінше, теріскейдегі криминогендік жағдай тұрақты деп бағаланады. Қылмыс деңгейі 20%-ға азайғаны байқалады.
«Азайған қылмыс түрлері: кісі өлтіру 46,2% ( 13-тен 7-ге), денсаулыққа ауыр зиян келтіру 2,6% (38-ден 37-ге), ұрлық 24,8% ( 777-ден 584-ке), бұзақылық 17% (35-тен 29-ға), алаяқтық 13% ( 527-ден 458-ге), есірткімен байланысты қылмыстар 4,6% (131-ден 125-ке),тонау 21,7%-ға (23-тен 18-ге) төмендеді», — дейді СҚО прокуроры Қайрат Әбдіханов.
Алайда, аса ауыр деңгейде адам денсаулығына зақым келтіру фактілері 22,2%-ға артқан. Мұның арты кісі өліміне әкеп соққан. Мал ұрлау фактілері де 11%-ға көбейді.
«Прокурорлардың актілері бойынша шамамен 300 млн теңге өндіріліп алынды. Оның 175-і мемлекеттік бюджетке қайтарылды. Сомасы 110 млн. теңгеге әкімшілік айыппұл өндіріліп алынды. Бүгінде 2 қылмыстық іс жүргізіліп, тергелуде. Алдын ала болжам бойынша мемлекеттік бюджетке 30 млн теңге шығын келген», — дейді прокурор.
Осы уақытта прокурорлар жер қатынастары саласында да бұзушылықтарды тіркеген. Нәтижесінде, жалпы аумағы 52 мың га болатын 360-тан астам заңсыз ұсынылған жайылым жерлер қайтарылды.