СҚО прокурорлары жыл басынан 11 мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, 3,3 млрд теңгенің жұмсалуына жол бермеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс прокурорлары бюджет қаражатының жұмсалуына талдау жүргізіп, мемлекеттік сатып алу заңнамасының өрескел бұзылуын анықтады. Оның бірі Тимирязев ауданында тіркелді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу және сәулет, қала құрылысы қызметі туралы» заң талаптарын бұзған. Олар 1,1 млрд теңге тұратын қазандық құрылысына мемлекеттік сатып алу жүргізген. Прокурорлар тексере келе, құжаттар аталмыш нысан бойынша жұмыс жобасының қорытындысына сәйкес келмейтіндігін анықтады. Бұл өз кезегінде әлеуетті жеткізушілердің құқықтарын шектеуге әкелген.
Тағы бір жағдай Қызылжар ауданында тіркелді. Аталмыш ауданның білім бөлімінің қызметкерлері 319,3 млн теңгеге Якорь ауылындағы балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алулар жүргізген. Бірақ онда мүгедектердің және жүріп-тұруы шектеулі адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігі қамтамасыз етілмепті.
«Қадағалау органының актілері бойынша жоғарыда аталған сатып алулар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүргізілуде. Жалпы, жыл басынан бері прокурорлар бұл салада 11 мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, нәтижесінде 3,3 млрд теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол бермеді», — деп хабарлады СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: 2024 жылғы пітір садақа мөлшері белгілі болды