Солтүстік Қазақстан облысында биыл 300 мың гектар бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс болған. Қазіргі уақытта оның 221 мың гектары қайтарылды. 209 мың га бос жерді мәжбүрлі түрде қайтару үшін 40 шаруашылық сотқа берілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
AMANAT партиясы СҚО филиалы жанынан құрылған «Жер аманаты» және партиялық бақылау комиссияларының кезекті отырысы өтті. СҚО Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақытжан Бекіштің айтуынша, биыл 51,3 мың гектар алқап тексерілген. Соның 44 мың гектары бойынша заңбұзушылықтар анықталыпты. Яғни, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлер анықталған. Шара қолдану – 20 еселенген салықты төлету үшін СҚО мемлекеттік кірістер департаментіне 28 ұсыным жіберілген.
«Жалпы сомасы 2,1 млн теңге болатын 25 айыппұл салынды. 1,8 млн теңге өндіріліп алынды. 24,5 мың га алқаптың заңды бұза отырып берілгендігі анықталды. Сотта жер учаскелерін жалға беру шарттарын заңсыз деп тану бойынша 44 талап арыз қаралып жатыр. Бұдан басқа 40 шаруашылықтан бос жатқан 209,5 мың гектар жерді мәжбүрлі түрде қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.Қазіргі уақытта іс сотта қаралуда», — дейді Бақытжан Бекіш.
Биыл жоспар бойынша СҚО-да 300 мың гектар алқап қайтарылуы тиіс. Атқарылған жұмыстың арқасында 220,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткен.