2025 жылдың басынан бері облыс прокурорлары пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Прокуратура органдары жалпы ауданы 146 мың гектардан асатын 75 жер учаскесін анықтады. Олардың көпшілігі ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде қолданылмаған, деп жазады Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстандағы Ақжар, Есіл, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев және Уәлиханов аудандарында 45 жер учаскесі Жер кодексінің талаптарына сай пайдаланылмаған. Олар ауыл шаруашылығы мақсатында бөлінген жер телімдері. Сонымен қатар, Петропавл қаласында коммерциялық мақсатта бөлінген 123 гектар жер учаскесі үш жыл бойы бос тұрған.
Қадағалау шаралары нәтижесінде жалпы ауданы 33,2 мың гектарды құрайтын 36 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Аталған учаскелердің кадастрлық құны 29,8 миллиард теңгені құрайды.
Бұл шаралар Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес жүзеге асырылып отыр. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар қайтарылған жерлерді адал әрі тиімді пайдалануға ниетті азаматтар мен ұйымдарға беру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да Ғ. Мүсірепов ауданында жолдар жөнделіп жатыр