Солтүстік Қазақстан облысында биыл 12 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 941 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Назар аударарлық нысандардың қатарында — Петропавлдағы ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіштері саналатын екі ғимарат бар. Ол көпес Юзефовичтің үйі мен көпес Янгұразовтың үйі, ел ішінде «Қалыңдық үйі» аталып кеткен тарихи нысан.
Қазіргі таңда республикалық маңызға ие ескерткіш — көпес Юзефовичтің үйінде жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ғимаратта бүгінгі таңда бейнелеу өнері музейі орналасқан. Жөндеу жұмыстары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда.
«2025 жылы мәдениет саласына қарасты 12 нысанға 941,2 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Соның ішінде көпес Юзефовичтің үйінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде»,— деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.
Көпес Янгузаровтың — яғни «Қалыңдық үйі» деп танымал тарихи ғимарат тағы да өз жаңалануда. Екі қабатты ғимарат модерн мен барокко стилінде салынған. Ғимараттың бірінші қабаты кірпіштен тұрғызылғанымен, екінші қабаты ағаштан жасалған.
2013–2016 жылдары аралығында жүргізілген үш жылдық жөндеуден кейін де ғимарат толық қалпына келтірілмеген. 10 жыл өткен соң, қайтадан жөндеу жұмыстары қолға алынған. Былтыр қасбеті, кәріз жүйелері ретке кетірілген еді. Оған облыс бюджетінен 236млн теңге бөлінді. Бірақ,ғимараттың сыртқы бояуы көпшілікке ұнамады.

Реставраторлар ғимаратқа бастапқы тарихи келбетін қайтаруға тырысып жатыр.
Тағы оқыңыз: Елімізде медицина қызметкерлеріне смарт-бейнежетондар беріледі