СҚО-да 100-ден аса бригада тасқынның салдарын жоюға қатысады

Солтүстік Қазақстанда су тасқыны салдарынан қираған баспаналарды қалыпқа келтіруге 100-ден аса бригада тартылмақ. Бұл туралы өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Тасқынның салдарын жою және  қалпына келтіруге келмейтін тұрғын үйлерді бұзу үшін аудандардың әрқайсысынан бес бригада мен сегіз техникадан тартылмақ. Айталық, Ойқала ауданында бірден 30 бригадасы жұмыс істейді. Негізінен мұнда петропавлдықтар жөндеу жүргізеді. Оларға Ғ. Мүсірепов, Тайынша, Уәлиханов аудандарының бригадалары да көмекке келмек. Былғары зауыты кентіне төрт аудан бекітілді. Ол — Есіл, Жамбыл, Шал ақын және Айыртау аудандары. Заречный кентінде М. Жұмабаев, Тимирязев, Ақжар және Мамлют аудандарының бригадалары жұмыс істейді. Ал Аққайың ауданының бригадасы Қызылжар ауданына көмекке жіберіледі.

«Жалпы тасқынның салдарын жоюға облыстың түкпір-түкпірінен барлығы 100-ден аса мехбригада жұмылдырылады. Оның құрамында жеті адам болады. Олардың төртеуі сылақшы, бір электрик, бір тас қалаушы және ағаш ұстасы болады. Ойқала ықшам ауданына Марат Омаров, Былғары зауыты ауданына Сергей Мелехов, ал Заречный кентіне Жанат Әміржанов жауапты болады. Соңғы үйді қалпына келтіргенше жұмыс барысын осы кісілер бақылауда ұстайды», — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.

Жолдарды жөндеуге және тазалауға 50 техникасы бар сегіз компания тартылады. Олар қажет болған жағдайда қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізеді.

«Барлық жауапты мемлекеттік органдар қалпына келтіру жұмыстарына қажетті бригадалар мен техникаларды бөліп, жұмысты қысқа мерзімде жүргізулері керек. Сонымен қатар кәсіпкерлер құрылыс материалдарының бағасын көтермеулері керек. Керісінше, көмектесіп меценат боламын дегендерге, мархабат», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Су кеткесін, тез арада тұрғын үйлерді техникалық тексеру мен бағалауды жүргізу қажет, оның нәтижелері бойынша залалды өтеу туралы шешім қабылдануы керек. Сонымен қатар жиында сорғы станциясын қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда эвакуациялық пунктегі азаматтарға шаштараз қызметі тегін көрсетілді

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x