Солтүстік Қазақстанда ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол қарамағындағы қызметкерді декларациясыз жұмысқа қабылдаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл құқық бұзушылық ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабы бойынша сыбайлас жемқорлыққа жатады. Және ол үшін жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Лауазымды тұлға өз кінәсін толық көлемде мойындағандықтан айыппұлдың тек елу пайызын – 50 АЕК төлейтін болады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 11-бабына сәйкес мемлекеттік лауазымға үміткерлер мен олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырулары керек. Жалпы, жыл басынан бері түрлі жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар 1,4 млн теңге сомасында айыппұл төлеген”, — делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдемесінде.