Солтүстік Қазақстан облысында үлгілі ауыл атанған елді мекенге ауыл шаруашылығына қажетті техника сыйға берілуі мүмкін. Мұндай ұсынысты облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әкімдікте өткен жиында айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысында «Үлгілі ауыл», «Таза аула», «Таза қала» және «Таза аудан» конкурстары өтіп жатыр. Бұл «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылады және оған қаражат жергілікті бюджетте қарастырылған.
«2024 жылы басқарма конкурс ұйымдастырды. Үздік деп танылғандарға балалар ойын алаңы орнатылды. Былтыр барлығы 18 қатысушы болды. Аудандардан тек бір-екі ұсыныс қана болды. Мысалы, Ақжар, Есіл, Жамбыл, Мамлют және М. Жұмабаев пен Уәлиханов аудандарынан бір өтініш түсті. Шал ақын және Тимирязев аудандарынан екі өтініш, Аққайың ауданынан төрт өтініш болды. Биыл аудандар белсенділік танытады деген ойдамыз», — деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуандық Шакубаев.
Жоспар бойынша жеңімпаздарға балалар ойын алаңы орнатылуы тиіс. Алайда өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов сыйлық қорын қайтадан қарастыруды ұсынып отыр. Тіпті, үлгілі ауыл атанғандарға ауыл шаруашылығы техникасын берсе де артық етпейді дейді. Осылайша, конкурсқа деген қызығушылықты арттыру қажет.
«Мүмкін біз берілетін сыйлықтарды қайта қарастырармыз. Мәселен, арнайы техникамен алмастырсақ, ауыл, ауданды абаттандыруға қажет тіркемесі бар трактор болса немесе шөп шабатын техника. Әрине, трактор спорт алаңынан қымбат тұрады. Дегенмен, бірінші орынға трактор болса, екінші орынға басқа сыйлық, үшінші орынға балалар немесе спорт алаңы болсын. Биыл өзгерістер енгізіп, жұрттың қызығушылығын арттыру керек. Осы жағын жіті ойластырыңыздар», — деді облыс басшысы.
Тағы оқыңыз: СҚО-да оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстары күшейтілген