Бүгінгі таңда облыста қалааралық облысішілік 54 маршрут жұмыс істейді. Оның ішінде 46 маршрут субсидияланады. Оған екі жыл қатарынан 850 млн. теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
2023 жылы 5 жаңа бағыт ашылған. Оның ішінде желтоқсанында «Дружба-Петропавл», «Андреевка-Петропавл» сияқты әлеуметтік маңызы бар 2 бағыт бар. Қалған үшеуі ауданішілік бағыт. СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, мемлекеттің қолдауы мен субсидияның арқасында әлеуметтік маңызы бар маршруттардағы көліктерді жаңарту 50% — дан асқан.
«Әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша тариф 2017 жылдан бастап көтерілмеген. Алайда тасымалдаушылардың маршруттарды ұстауға жұмсаған шығыстары 2-3 есе өсті. Мысалы, дизельдік жанармай бағасы 130 теңгеден 260 теңгеге дейін өсті, бензин бағасы 150 теңгеге өсті, автобустардың өзі де 2017 жылмен салыстырғанда 3 есе қымбаттады. Осыған сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен және мәслихатпен 2023 жылғы 1 мамырдан бастап тарифті километрге 2 теңгеге көтеру туралы шешім қабылданды» деп нақтылады СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Бұл тасымалдаушының билет сатудан түсетін кірісін және бекітілген мерзімде босатылған қаражатты арттырады. Бюджет қаражаты облыстың шалғай аудандарына жаңа әлеуметтік маңызы бар бағыттарды ашуға, сол арқылы ауылдық елді мекендерді автобус маршруттарымен қамтуды арттыруға бағытталады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда аусылға қарсы вакцина өндіріледі