СҚО-да 15 жазғы лагерь болса, биыл солардың 12-сі ғана балаларды қабылдамақ. Ал, әзірге тек 5-уі жұмысын бастады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңірде балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерьлері ашылып жатыр. Биыл облыстағы 15 демалыс орнының 12-сі кішкентай демалушыларды қабылдамақ. Әрқайсысында 10-14 күндік бес ауысым болады деп жоспарланған. Бүгіндері облыстағы 5 лагерь ғана жұмысын бастады. Солардың бірі — «Серебряный бор» жазғы сауықтыру лагері. Қызылжар ауданында орналасқан нысан пандемияға байланысты жабылып, 4 жыл бойы жұмыс істемеген еді. Ал, қазір мұнда 100-ге жуық балғын демалысын өткізуде.
«Балалардың барлығы Мамлют ауданынан келген. Ұл-қыздардың дені – 4 пен 8-ші сынып оқушылары. Жалпы, лагерь аумағында 4 корпус бар. 2-уі 30 адамға, қалғандары 20 адамға шақталған. Сонымен қатар, асхана, медициналық пункт, клуб және сахна бар. Балғындардың қауіпсіздігін қадағалайтын учаскелік инспектор жұмыс істейді. Күндіз — спорттық ойындар, түрлі конкурстар мен үйірмелер жұмыс істейді. Ал, кешке би билеп, уақыттарын көңілді өткізеді», — дейді «Серебряный бор» сауықтыру лагерінің ұйымдастырушысы.
Жалпы, биыл лагерьлерде 20 175 солтүстікқазақстандық оқушы демалысын өткізеді. Бұған облыстық бюджеттен 92 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Өңір аумағындағы мектептерде де жұмыс жүргізіледі. Білім ошақтары маңында арнайы алаңқайлар құрылған. Оларда ұл-қыздар уақыттарын тиімді өткізбек.
«Балғындардың жазғы демалысына республикалық бюджеттен де ақша бөлінеді. Биыл 352 баланың демалуына, сауығуына қаржы қарастырылған. Біз өңірдегі ұл-қыздарды, аудандарға және елордаға да апаруды жоспарлап отырмыз. Онда жеткіншектер ескерткіштермен, тарихи орындармен танысады», — дейді СҚО білім басқармасының бөлім басшысы Мафруза Науанова.
Бүгіндері өңірдегі 5 лагерь ғана балаларды қабылдаған. Қалғандары келесі аптада жұмысын бастайды. Жоспарланған шаралардың барлығын қоса алғанда, 1-ші мен 10-шы сынып аралығындағы солтүстікқазақстандық оқушылардың 96 пайызы жазғы демалыспен қамтылмақ.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жол апатынан 5 адам көз жұмды